ЖАҢАЛЫҚТАР
Гүлнара Каримова өзіне айтылған сындарға жауап берді

France Press агенттігінің хабарлауынша, Ташкентте өткен баспасөз жиыны барысында ол "сын мақалалардың өзі әндер жинағын жақтастары ғана емес, қарсыластары да тыңдағанын көрсетеді" деді. Ол Нью-Йоркте өткен сән апталығында өз атындағы Guli киім үлгілерін жұртқа көрсете алғанын да айтты. Бұдан бұрын Батыс баспасөзінде оның құқық қорғау ұйымдарының қысымымен сәнді киімдер топтамасын көрсете алмай қалғаны туралы жазылған еді.
Сахнаға шығумен қатар Гүлнара Каримова Гарвард университетінің докторы деген атаққа ие. Дипломатиямен айналысып, киім, косметика және зергерлік бұйымдар шығарумен айналысады.
Оның әкесі Ислам Каримов елді СССР құлағалы бері басқарып келеді. Адам құқықтарын үнемі бұзатыны үшін Каримовтың режимі жиі сынға ұшырайды.
Басқа да жаңалықтар
Қазақстанда паранжа мен ниқабқа тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда паранжа, ниқаб пен бет-жүзді көрсетпейтін өзге де киім түрлеріне тыйым салу ұсынылып жатыр. Тиісті түзетуді қазір сенатта қаралып жатқан "Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы" заңға енгізу ұсынылды деп жазды Tengrinews.kz сайты.
Мұндай киім түрлері тек заң талаптарын орындау үшін немесе медициналық, азаматтық қорғаныс мақсатында, белгілі бір ауа райы және қандай да бір спорт-мәдени шаралар кезінде қолданылуы мүмкін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы ұлттық құрылтай кезінде бетті жабатын киім түрлерінің орнына ұлттық даралықты паш ететін киім киюді қолдаған.
"Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек" деген еді сол кезде Тоқаев.
Конституцияға сәйкес, Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Ата заң сонымен бірге азаматтардың ар-ұждан еркіндігіне кепілдік береді.
2025 жылы қаңтарда Қырғызстанда қоғамдық орындарда ниқаб тағуға тыйым салатын заң қабылданған. Бірнеше айдан кейін қалаларда заңның орындалуын қадағалауды көздеген рейдтер өтті. 1 ақпаннан бастап елде бет-жүзді жасыратын киім түрлерін кигендерге 230 доллар айыппұл салынатын болды.
Өзбекстанда ниқабқа тыйым 2023 жылы енгізілген. Онда заңды бұзғандар 250-380 доллар аралығында айыппұл төлейді. Тәжікстанда да "ұлттық құндылықтарға қайшы келетін" ниқабқа тыйым салынған.
Тәтішевтің өлімі бойынша сотталған Мұратхан Тоқмәди өтініш түсірді

Алатау қалалық соты "банкир Ержан Тәтішевтің өліміне кінәлі" деп сотталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің өтінішін қарауды шегерді. Бұл жөнінде тараптардың адвокаттарына сүйенген Informburo жазды.
Сот процесі кезінде жәбірленуші жақтың адвокаты Аманжол Мұхамедияров өтінішті қарауды шегеруді сұраған. Ол өтініш жөнінде мәліметті тек 9 маусымға алғанын, сотқа дайындалуға уақыт беруді сұраған.
Судья Ақмарал Мейірбекова адвокаттың өтінішін орындап, сот қарауын 13 маусымға тағайындады деп жазды сайт.
Ал Мұратхан Тоқмәди мен оның қорғаушысы шешімге келіспеген. Адвокат Кербеновтің сөзінше, нақты жағдайда мәселе - жәбірленуші жақ қатыса алатын - мерзімнен ерте босату немесе жазаны ауыстыру жөнінде болып отырған жоқ. Жазаны қысқарту туралы өтініш қаралып отырғандықтан адвокат Кербенов жәбірленуші жақтың қатысуына қарсылық білдірген.
Мұратхан Тоқмәди биыл қаңтарда мерзімінен ерте босату туралы өтініш берген, алайда артынша бас прокуратура жауабын күтіп отырғанын айтып, өтінішін қайта алып алған еді.
Былтыр жазда Қонаев соты оны ерте босату туралы өтінішті қанағаттандырған, алайда Алматы облыстық соты Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қаулының күшін жойды. Бірінші инстанция шешіміне жәбірленуші жақ шағым түсірген.
БТА банктің басшысы Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп қаза болған. Сол кезде мұны сот "жазатайым оқиға" деп танып, бірақ банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмәди "Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырысымен өлтірдім" деген. Сот Тоқмәдиді 2018 жылы 10,5 жылға соттаған.
Ал Әблязовті "банк активтерін иемденгені үшін" сырттай өмірлік түрме жазасына кескен. Бұрынғы банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов әлеуметтік желілерде Тәтішев өліміне қатысы жоғын, Тоқмәдимен таныс емес екенін мәлімдеген.
2022 жылы Тоқмәди Тәтішевтің өліміне Әблязовтың қатысы жоғын мәлімдеп, істі қайта қарауды, өзін ақтап, босатуды сұраған. Жезқазған түрмесінен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап жазған хатында Тоқмәди тергеуде азапталып, тағылған айыпты мойындауға мәжбүр болғанын айтқан.
Сол жылы Ұлытау облысы сотында кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің шартты жазамен мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қаралып, судья оның алдындағы Жезқазған қалалық сотының Тоқмәдиді мерзімінен бұрын шартты жазамен босатуға негіз жоқ деген қаулысын өзгертпеді.
Маск Трамптан "кейбір жазбалары үшін" кешірім сұрады

Америкалық миллиардер Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамп жайлы жазған "кейбір" жазбалары үшін кешірім сұрады.
"АҚШ президенті Дональд Трамп жайлы жазған кейбір постарым үшін өкінемін. Кейбір жазбаларым артық болды" деді Маск Х желісінде.
Бизнесмен қандай постары екенін ашып жазбады.
- 5 маусымда Маск Х желісінде Трамптың салық пен мемлекет шығыны туралы заң жобасын сынаған. 6 маусымда Трамп Масктан "көңілі қалғанын" айтып, "енді арамыз бұрынғыдай болмайды-ау" деген.
- Маск Х желісінде "Менсіз Трамп сайлауда жеңілер еді, демократтар өкілдер палатасындағы көп орынды иеленіп, сенатта республикалықтарға жеңілер еді. Жақсылықты білмейді" деп жазды.
- Трамп "Масктың компанияларымен келісім-шарттарды тоқтатып, мемлекеттік субсидиялардан айыру" жайлы жазды.
- Маск мұнымен тоқтап қалмай, "нағыз бомба тастайтын уақыт келді" деп мәлімдеп, "Трамптың есімі Эпштейн файлында бар. Сондықтан бұл файл жарияланбай отыр" деп жазды. АҚШ-та қаржыгер Джеффри Эпштейнді кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі, балаларды бизнесмендерге қызмет көрсетуге итермеледі деп айыптаған.
- Кейін Маск Эпштейн файлы жайлы жазғанын өшіріп тастады. Ал Трамп Маскпен сөйлеспейтінін айтқан.
Миллиардер Маск былтыр Трамптың сайлау алды науқанына және президент әкімшілігінің жұмысына деп 250 млн доллар бөлген еді. Ал Трамп сайлауда жеңген соң Маскты Үкіметіндегі тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы етіп тағайындаған.
Трамп бұл департаментті үкіметтің шығынын азайту үшін құрып, Маск 130 күн жұмыс істейді деген. 30 мамырда Маск Трамп әкімшілігінен кеткен. Оны Трамп Ақ үйде қабылдап, салтанатты түрде шығарып салған еді. Сарапшылар Маск басқарған DOGE басында 2 трлн долларды үнемдеуді көздегенімен, бұл мақсаттың ширегіне де жете алмағанын айтады.
Мединский: Украина ымыраға келуден бас тартса, бұдан да көп жерінен айырылады

Украина ымыраға келуден бас тартса, бұдан да көп жерінен айырылады. The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісі Владимир Мединский осылай деп мәлімдеді. Ол соғысты тоқтату бойынша ресейлік келіссөз тобына жетекшілік етеді.
Мединский Ресей бейбітшілікті қалайды, бірақ егер Украина "өзге елдердің ұлттық мүддесін басшылыққа алса", "жауап беруге мәжбүр" деп мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, бұл соғыс [Украинамен] арадағы қайшылықтарды онан сайын ушықтыра түседі, сондықтан да ол тезірек біткенін қалаймыз" деді Мединский.
Мединский сөз арасында Ресей ұзақ соғысуға дайын екенін де меңзеді. 18 ғасырда 21,5 жылға созылған Ресей мен Швеция арасындағы соғысты мысалға келтірді.
Дипломат бұған дейін осындай теңеуді Украинамен келіссөз кезінде де пайдаланған деп жазды The Economist тілшісі Оливер Кэролл. Дереккөзге сүйенген журналист сол келіссөзде Мединский Ресей "мәңгі соғысқа" дайын деп мәлімдеген.
Украинамен келіссөз кезінде Мәскеу Киевтен Қырым, Севастополь, Донецк, Запорожье, Луганск және Херсон облыстарынан айырылғанын мойындауды талап еткен. Киев үзілді-кесілді бас тартқан.
- Жуырда Украина президенті Владимир Зеленский жер мәселесін тек Путинмен бетпе-бет талқылайтынын айтқан. Оның сөзінше, заңдық тұрғыда аннексия ешқашан мойындалмайды.
Мәжіліс рақымшылық туралы заң жобасын қабылдады

11 маусымда мәжіліс Конституцияның 30-жылдығына орай рақымшылық туралы заң жобасын қабылдады.
Оған сәйкес, рақымшылыққа ауыр емес және орташа ауыр қылмыс түрлерін жасағандар ілінеді, бірақ шығын көлемі өтелген немесе мүлде болмауы керек.
Рақымшылық аясында түрмеден 662 адам шығады, пробациялық бақылаудағы 3,5 мың адам жазадан босатылады. Шамамен 11 мың адамның жаза мерзімі қысқартылмақ. Осылайша оған барлығы 15 мың адам ілінбек.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның сөзінше, түрмеден аз адамның босатылу себебі – олардың басым бөлігі атап айтқанда, 92 пайызы немесе 32 691-і ауыр немесе ерекше ауыр қылмыс үшін түрмеде отыр.
Рақымшылыққа 833 әйел ілінбек: 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады.
Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.
Ресми мәлімет бойынша, қазір Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты 63 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда отыр: 33 мың сотталушы және 7 мың адам тергеу изоляторында отыр. 27 мыңнан астам адам пробациялық қызмет тіркеуінде.
Депутат Абзал Құспанның сөзінше, жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау баптары бойынша сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді.
Оның сөзінше, Қазақстанда қазір жемқорлық бойынша 624 адам, терроризм бойынша – 294, экстремизм бойынша – 96, азаптау бойынша 48 адам қамауда отыр.
Экстремизм бойынша сотталғандар арасында “саяси тұтқындар” да бар. Марат Жыланбаев пен Думан Мұхаммедкәрімнің ісін сараптаған құқық қорғаушылар істің саясиланғанын, олар өз пікірлері үшін сотты болды деп санайды.
Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанды экстремистік баптарды оппозиция белсенділер мен журналистерге қарсы пайдаланып отыр деп сынап жүр. Ресми Астана айыптаулармен келіспейді.
Қазақстанның тәуелсіз тарихында 9 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланып, шамамен 1 мың адам түрмелерден босатылған. 4 мың адам пробациялық бақылаудан босатылған. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.
Өзбекстанда "Вагнер" құрамында соғысқан өзбек азаматына үкім оқылды

Ташкент облысы Ангрен қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты Украинаға қарсы соғыста ЧВК "Вагнер" құрамында соғысқан өзбек азаматы У.М. есімді адамға үкім оқыды.
Сот материалдарына қарағанда ер адам 2021 жылы шілдеде ақша табу үшін Ресейдің Самара облысына барған.
2022 жылы қаңтарда Ресей соты оны "есірткі" бабымен кінәлі деп танып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, Самара облысындағы колонияға жіберген.
2022 жылы қарашада ол "Вагнер" құрамына еніп, Украинаға қарсы әскери қимылдарға қатысқан.
Соғысқа қатысқаны үшін У.М. мерзімінен бұрын жазадан босатылып, Ресей азаматтығын алған. Бұған қоса, 500 мың рубль және "Ерлігі үшін", "Соледарды алуға қатысқаны үшін" медальдармен марапатталған.
2024 жылы 20 қазанда ол Өзбекстанға оралған. Екі күннен кейін Өзбекстанның арнайы қызметі оның телефонын тексеріп, ЧВК "Вагнер" құрамында соғысқанын дәлелдейтін құжаттар мен фото-видеолар тапқан.
Сотталушы процесс кезінде 2022 жылы қыркүйекте колонияға Евгений Пригожин бастаған "Вагнер" өкілдері келгенін, мыңнан астам сотталушыны жинап (500-і өзбек азаматы – У.М), Украинадағы соғысқа қатысу туралы ұсыныс жасағанын айтты. Егер соғысқа қатысса, Ресей азаматтығы берілетінін және 150 мың рубль төленетінін, бұған қоса алты ай қызметтен кейін рақымшылық жасалатынын жеткізген. Жүзден астам сотталушы келісіп, Дондағы Ростовқа жіберілген.
2022 жылы қазанда "Вагнер" өкілдері тағы келіп, бұл жолы Орталық Азиядан келген тұтқындарды жинаған. У.М-ның сөзінше, орыс азаматтарын соғысқа өз еріктерімен алған. Ал Орталық Азия елдерінің бірқатар азаматы соғысқа қатысудан бас тартқан кезде үшеуін көптің көзінше атып тастаған. Осыдан кейін барлығы баруға келіскен.
Оның сөзінше, осылайша Орталық Азия елдерінен келген шамамен 200 тұтқын соғысқа күштеп алынған. Олар Дондағы Ростовқа жеткізіліп, әскери келісімшартқа отырған.
У.М. сотта отбасындағы жалғыз асыраушы екенін айтып, әкесінің бірінші топ мүгедегі екенін, еңбекке жарамсыз екенін алға тартқан.
Сот ер адамды "Әскери жалдамалы қызметкер болу" бабы бойынша кінәлі танып, бес жылға бостандығын шектеген.
Өткен аптада Өзбекстан соты Украинаға қарсы соғыста Ресей жағында соғысқан Ташкент облысынан барған өзбек азаматының бостандығын 4 жыл 1 ай, 20 күнге шектеген еді. Сотта ер адам аралас жекпе-жектен кәсіби шебер болғанын мойындап, Мәскеуге турнирге барып, нәтижесінде Украинадағы соғысқа тап болғанын айтқан.
Қошмамбеттегі азаптау ісі: апелляциялық сот үкімді өзгертпеді

10 маусымда Қонаев соты Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарын азаптады деп айыпталған алты полицейге бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгертпеді. Бұл жөнінде жәбірленуші 23 Өзбекстан азаматының құқығын сотта қорғаған заңгерлердің бірі Айна Шорманбаева хабарлады.
"Қылмыстың дұрыс сараланбағанына, сонымен бірге біз қорғап отырған Өзбекстанның 23 азаматының тек үшеуіне өтемақы тағайындалғанына қатысты шағымымызды сот қанағаттандырмады. Бұған қоса, сот куәгерлердің бірін және сотталған бұрынғы полиция қызметкерін еңбекті қанау мақсатында үгіттегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешуден бас тартты. Жаппай азаптауға ұшыраған адамдар сол күндері түрмеде адам саудасының құрбаны болды. Егер мемлекет мұны тексеруден бас тартса, біз БҰҰ-на жүгінуге мәжбүр боламыз" деп жазды заңгер Айна Шорманбаева.
Биыл 17 қаңтарда Алматы облысының Қарасай ауданының соты "Азаптау", "Лауазымын асыра пайдалану" баптары бойынша айыпталған алты полицейді әрқайсысын үш жылға бас бостандығынан айырған еді.
Сот үкімі бойынша полицейлер:
Бауыржан Сопақов – 3 жыл
Арман Шойбеков - 3 жыл
Берік Әбілбеков - 3 жыл
Олжас Айдарханов - 3 жыл
Серік Тұрпанов - 3 жыл
Нұрсұлтан Хамитов - 3 жыл түрмеге жіберілген.
Бұрынғы полицейлер өздеріне тағылған айыпты мойындамаған еді.
Жәбірленушілердің адвокаттары жаппай азаптау болғандықтан іс ауыр бап бойынша қаралуы керек еді деп айтқан. Олар полицейлерге тым жеңіл жаза берілді деп санайды. Заңгерлер жәбірленуші деп 44 емес, 98 адам танылуы тиіс екенін де айтқан.
Іс бойынша үш елден 44 азамат жәбірленуші деп танылған. Арасында қырғыз музыканты Викрам Рузахуновта бар.
Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Викрам Рузахунов азаптауға қатысы бар бірнеше адам ғана ұсталып, қамауға алынғанын мәлімдеген. Ол фотосуреттерден он шақты полиция қызметкерін танығанын айтқан. 2023 жылы оны азаптау фактісі бойынша ашылған іс тоқтаған. Рузахуновтың сөзінше, ол Қаңтар оқиғасы кезінде өзін азаптағандар арасында бетпердесіз болған бірнеше адамды танығанына қарамастан, сол кезде істі жаппақ болған деді.
Осыған дейін Викрам Рузахунов Қазақстан билігінен кешірім сұрауды талап етіп, сотқа арыз түсіргенмен Астана соты шағымды қанағаттандырмай тастаған.
Айыптау актісіне сәйкес, 2022 жылы 7 қаңтарда Алматы қаласындағы дүрбелеңге қатысы бар азаматтарды «анықтау операциясы» кезінде Алматы-Бішкек тас жолында ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның 99 азаматын ұстаған. Кейіннен олардың 98-і Қошмамбет ауылындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қамау кезінде ешқандай құжат толтырылмаған. Абақтыға кірген сәттен бастап соққыға жығылып, жауап алынған
Шымкентте науқастарды зорлаған деген айыппен екі санитар 15 жылға сотталды

Бүгін, 10 маусымда Шымкенттің ауданааралық қылмыстық соты шығарған үкімге сай, Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында екі науқас қызды зорлаған деген айып тағылған екі санитар — 33 жастағы Нұрбек Даржанов пен 43 жастағы Нұрлан Дүйсебаев 15 жылға бостандығынан айырылды. Бұл туралы kz.kursiv.media хабарлады.
Екі санитар 120-баптың 3-1-бөлігі 1-тармағы, яғни кәмелетке толмаған не психикалық ауытқуы бар адамдарды зорлау бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған қоса олар педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот үкіміне сотталушылар пікір білдірген жоқ. Ал туыстары мен қорғаушылары үкімге келіспейтінін айтты. Олар апелляциялық шағым түсірмек.
Бұл істе екі жәбірленуші бар. Оның бірі — 17 жастағы қыз бала. Екінші жәбірленуші — 22 жастағы бойжеткен. Олар былтыр шілде-тамыз айлары аралығында Шымкенттегі психикалық денсаулық орталығына жиырма күнге ем-дом алуға жіберілген. Екеуі орталықта бір уақытта болған.
Психикалық денсаулық орталығындағы бұл жағдай туралы Азаттық былтыр желтоқсанда жазған.
22 жастағы қыз орталықта "екі санитар жігіт камера жоқ жерлерде бірнеше рет жеке-жеке зорлағанын" айтып берген. Бойжеткеннің сөзінше, зорлық көрсеткен санитарлар оған қоқан-лоққы жасаған, белгісіз уколдар салған. Ол психикалық денсаулық орталығында өзінен басқа тағы үш қыздың зорланғанын білетінін айтқан. Жәбірленушінің анасы бұдан соң сол қыздың — 17 жастағы екінші жәбірленушінің жақындарын іздеп тауып, полицияға бірге арыз түсірген. Кәмелет жасына толмаған қыз зорлық салдарынан екіқабат болып қалған. Оның бойына орталықта ем алып жүргенде бала біткені анықталған.
Жәбірленушілердің бірі кәмелет жасқа толмағаны, іс "Зорлау" бабымен қаралғанына байланысты бұл іс бойынша сот процесі жабық өтті. Сот үкім оқып жатқанда сотталушылар мен олардың туыстары өзін фото және видеоға түсіруге тыйым салды.
Судья облыстық денсаулық сақтау басқармасына жеке қаулы шығарды. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеуді көздейтін шараларды көру үшін Шымкент қалалық полиция департаменті пен қалалық прокуратураға жеке қаулы жіберді.
Сотталған екі санитар емдеу мекемесінде кейінгі он жылдан аса уақыттан бері жұмыс істеген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін осы емханада зорлау фактісі тіркелмеген деп хабарлаған.
Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығы 740 адамға шақталған. Ондағы орындардың 120-сы осы мекемеге түрлі диагнозбен түскен әртүрлі жастағы әйелдерге арналған.
Қырғызстанда парламент депутаттарын сайлау жаңа тәсілмен өтеді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров парламент пен президент сайлау туралы конституциялық заңға енгізілген түзетулерге қол қойды.
Заңға енгізілген негізгі жаңалық – елде 30 көпмандатты аумақтық сайлау округі құрылып, олардың әрбірінен Жогорку Кеңешке 3 депутат сайланады. Осылайша, парламенттегі депутат саны бұрынғы қалпында қалады, тек депутат сайлау тәртібі өзгереді. Саяси партиялар әр округтен депутаттыққа бір кандидаттан ұсына алады, сондай-ақ өзін-өзі ұсынатындар да сайлауға үміткер ретінде қатыса алады.
Бұған қоса, егер сайланған депутат өз өкілеттігінен айырылса, онда қайта сайлау өткізілмейді – бос мандат осы округте өткен сайлау кезінде жаңағы депутаттан кейін ең көп дауыс алған келесі кандидатқа беріледі.
Заңда сайлау өткізу кезінде қашықтан, электронды дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Құжатқа сәйкес, электронды дауыс беруді өткізу туралы шешім сайлау тағайындалған кезде қабылданады.
Сайлау туралы заңның жаңа редакциясында парламенттегі орындардың кемінде 30% әйелдер иеленуге құқылы деп бекітілді. Яғни, әрбір сайлау округінен кемінде бір әйел депутат сайлануға тиіс. Егер әйел депутаттың өкілеттігі тоқтатылса, оның мандаты сол округтен ұсынылған келесі әйел кандидатқа беріледі.
Қазіргі шақырылымдағы Жогорку Кеңеш сайлауы 2021 жылғы 28 қарашада өтті. Ол кезде қолданыста болған жүйеге сәйкес, 54 депутат біртұтас сайлау округі бойынша пропорционал жүйемен, ал 36 депутат жекелеген бірмандатты округтерден мажоритар жүйе бойынша сайланған еді.
Өзбекстан Мәскеудегі мигранттарға қарсы рейдке байланысты "қынжылыс пен алаңдаушылық" білдірді

Өзбекстан министрлер кабинеті жанындағы Көші-қон агенттігі Мәскеуде жүргізілген рейд кезінде шетелдіктерге – олардың арасында Өзбекстан азаматтары да болуы мүмкін – күш қолданылғаны туралы хабарламаларға байланысты "қынжылатынын және алаңдайтынын" мәлімдеді.
"Ресей Федерациясы үкіметінің және ірі жұмыс берушілердің жыл сайын Өзбекстан азаматтарын ұйымдасқан түрде жұмысқа тартуға қызығушылығы артып отырған шақта, құқық қорғау органдарының кейбір өкілдерінің шетел азаматтарына дөрекілік танытуы қынжылыс пен алаңдаушылық тудырады", – деген агенттік 9 маусымда жариялаған мәлімдемесінде.
Хабарламада Өзбекстанның Ресейдегі бас консулдығы мен Көші-қон агенттігінің өкілдігі аталған жағдайды бақылауға алғаны айтылған. Агенттік Ресей құқық қорғау органдарынан ресми ақпарат болады деп күтетінін де жазған.
Осының қарсаңында әлеуметтік желілерде ресейлік күштік құрылым өкілдерінің әлдебір ғимаратқа баса-көктей кіріп, мигранттарды ұрып-соққаны түсірілген видео тараған. Онда арнайы жасақтың кейбір сарбаздары Ресейге Орталық Азия елдерінен барған жұмысшыларға нәсілдік тұрғыдан кемсітіп, қорлайтын сөздер айтқаны көрсетілген.
Өзбекстанның Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон Құдыратқожа өз ақпаратына сүйене отырып, Мәскеуде кезекті рет қатігез рейд болған деп жазды. Ол отандастарын Ресейге бармауға шақырды.
Кейінгі айларда әлеуметтік желілерде ресейлік арнайы жасақ өкілдерінің Орталық Азиядан барған мигранттарды ұрып-соғып, қорлағанын көрсететін көп видео тарады. 10 сәуірде Мәскеу полициясы негізінен Қырғызстан азаматтары баратын моншаға рейд жүргізіп, ондағы адамдарды қатігездікпен ұрып-соққан. Осыдан кейін Қырғызстан билігі Кремльге нота жолдап, рейдтің қандай негіз бойынша жүргізілгенін және моншадағы адамдар не үшін соққыға жығылғанын түсіндіруді сұрады. Ал Ресейдің ІІМ полиция қызметкерлері ешқандай "құқыққа қайшы әрекет" жасаған жоқ деп мәлімдеді.
25 сәуір күні Мәскеудегі тамақтану орындарының бірінде түскі ас ішіп отырған өзбек мигранттарын күштік құрылым қызметкерлері ұрып-соғып, мекемедегі бейнебақылау камераларын сындырып кетті. Осыдан кейін Нижний Новгородта құқығын қорғауға тырысқан өзбек мигранты Ресей федерациялық көші-қон қызметінің жергілікті бөлімшесінде соққыға жығылды.
2 мамырда Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ресейде мигранттар құқығын бұзу және оларға дөрекілік таныту оқиғалары көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Сарапшылар бұл мәлімдемені ресми Ташкенттің Ресейдегі еңбек мигранттарының жағдайына байланысты кейінгі жылдардағы алғашқы нақты реакциясы деп бағалады. Министрлік Ресейдің Өзбекстандағы елшісі Олег Мальгиновпен кездесуде оған әлгіндей алаңдаушылығын айтып, мәселені Кремльге жеткізуін сұраған.
Адам құқығын қорғаушылар Ташкенттен қатаң дипломатиялық шаралар қабылдауды және шетелдегі өзбек азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша нақты әрекеттер жасауды талап етті.
Австриядағы мектепте кемінде 9 адам оққа ұшты

Австрияның Грац қаласындағы гимназияда кемінде тоғыз адам оқтан қаза тапқан. Кейінгі мәліметтерде 20-дан астам адам жараланғаны айтылды. Бұл туралы австриялық Kronen Zeitung газеті хабарлады. Жергілікті басылымдардың мәліметінше, осы гимназияның студенті оқ атқан деген күдікке ілінген. Ол кейінірек өз-өзіне қол жұмсаған деген ақпарат бар.
Австрияның APA ақпарат агенттігі таратқан мәліметте қаза тапқандар арасында жеті оқушы мен бір ересек адам бары айтылған. Қаза тапқан тоғызыншы адам – оқ атқан деген күдікке ілінген адамның өзі. Ресми расталмаған деректерге қарағанда, қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Жараланған 28 адамның бірнешесі ауыр халде жатыр деп жазды басылымдар.
Полиция оқиға орнына арнайы жасақ жұмылдырылғанын және қаза тапқандар барын растады. Оқ атуға не себеп болғаны әзірге белгісіз, ол жайында ресми ақпарат болған жоқ.
Төтенше оқиға сейсенбі күні таңертең ерте болған. Куәгерлердің айтуынша, қаскөй гимназияның екі сыныбында оқ жаудырған. Құрбан болғандар арасында мұғалімдер де, оқушылар да бар. Жалпы шамамен 20 рет оқ атылған. Кейінгі жеткен мәліметтерде 10-нан астам адам жараланған деп көрсетілген.
Қылмысқа күдіктінің жеке басы жайлы толық ақпарат жоқ. Әзірге белгілісі – ол оқиға болған гимназияда оқыған. Kronen Zeitung басылымы күдікті өзін кемісту көрдім деп сезінген болуы мүмкін деп жазды.
Астанада әйелін азаптаған деген айып тағылған бұрынғы дипломаттың соты басталды

10 маусымда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамаштың ісі бойынша сот отырысы басталды. Бұрынғы әйелі Карина Ғұсман "Мамаш отбасында әңгіртаяқ ойнатып, мені ұрып-соқты" деп айыптап отыр, деп хабарлады Азаттық Азия.
Сейсенбі күні өткен сот отырысында судья Артур Абдыханов жәбірленуші тараптың сот процесін жабық өткізу туралы өтінішін ішінара қанағаттандырды.
"Біздің өміріміздегі жеке басқа қатысты жайттарды жария еткім келмейді. Екі балам бар және олардың психологиялық саулығына алаңдаймын", – деді сотта Карина Ғұсман.
Судья жеке өмір құпиясын қорғау қажеттігіне сілтеп, БАҚ өкілдерінің сот залынан шығуын сұрады. Алайда сот үкімі жарияланған кезде журналистердің қатысуға құқығы бары айтылды.
Айыпталушы Сәкен Мамаш өзіне бұған дейін белгіленген бұлтартпау шарасын өзгерту жайлы өтініш жасады. Ол қашу ниеті жоғын және жәбірленушіге ешқандай қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Карина Ғұсманның адвокаттары болса айыпталушы бұған дейін жәбірленушінің қыр соңына түсіп, қорқытқанын алғанын айтты.
Сот бұрынғы дипломаттың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін орындаудан бас тартты.
Былтыр мамыр айында Карина Ғұсман әлеуметтік желіде он жыл бойы күйеуінен қорлық пен зорлық көріп келгенін мәлімдеген.
"Менің күйеуім – Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі – кеше мені және маған қонаққа келген туған әпкемді ұрып соқты. Мемлекетімізден көмек талап етемін", – деді ол әлеуметтік желіде жариялаған видеода.
Осы мәлімдемеден соң Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты БАӘ-ден елге шақыртып алды.
Биыл сәуір айында Сәкен Мамаш әйеліне жүйелі түрде қол жұмсаған деген айыппен қамауға алынғаны белгілі болды. Полиция экс-дипломаттың үстінен Қылмыстық кодекстің "Азаптау" бабы бойынша іс қозғаған.
Марк Рютте НАТО елдерінің әуе қорғанысын "400 пайыз арттыруға" шақырды

НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте дүйсенбі күні альянсқа мүше елдерді қорғаныс әлеуетін түбегейлі арттыруға, соның ішінде НАТО-ның әуе және зымыранға қарсы қорғаныс қабілетін 400 пайыз ұлғайтуға шақырды. Бұл – Ресей тарапынан төнетін қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру үшін қажет деп санайды ол.
Лондондағы Chatham House сараптама орталығында сөйлеген сөзінде Рютте Украинадағы соғыс жалғасып жатқан және әлемде тұрақсыздық ұлғайып бара жатқан шақта НАТО-ға қорғаныс саясатында "кванттық секіріс" жасау қажет екенін баса айтты. "Біз Ресейдің Украинада әуеден террор сеуіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біз аспанымызды қорғайтын қалқанымызды күшейтеміз", – деп мәлімдеді ол.
Рюттенің пікірінше, Ресей әскери қуатын белсенді түрде арттырып жатыр және енді бес жыл ішінде НАТО-ға қарсы қарулы күш қолдануға дайын болуы мүмкін.
Рютте НАТО елдерінің қорғаныс шығындарын ұлғайту туралы бастама көтерді: тікелей әскери қажеттілікке ЖІӨ-нің 3,5 пайызын, ал қауіпсіздік саласындағы кеңірек шараларға тағы 1,5 пайыз бөлуді ұсынды. Бұл бастама АҚШ президенті Дональд Трамптың НАТО елдері қорғаныс шығындарын жалпы ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін жеткізгені жөн деген талабын қанағаттандырып, ымыраға келістіретіндей ұсыныс болмақ. Қазіргі мақсат – 2 пайыз деңгейінде.
Рютте сөйлемей тұрып, Кремль НАТО-ны "агрессивті саясат жүргізіп отыр" деп айыптады. "Альянс өзін агрессия мен тайталас құралы ретінде көрсетіп отыр", – деп мәлімдеді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Рютте бүкіл альянс бір жылда шығаратын оқ-дәрі көлемін Ресей үш-ақ айда шығаратынын, НАТО елдерінің армияларына мыңдаған жаңа танк пен беренді техника, миллиондаған артиллериялық снаряд қажет екенін ерекше атап айтты. Бұған қоса ол Қытай да әскери қуатын жылдам арттырып жатқанын ескертті.
Сөз соңында Рютте егер НАТО елдері қорғанысқа ЖІӨ-нің 5 пайызын бөлуді қамтамасыз ете алмаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтты.
"Денсаулық сақтау мен зейнетақы жүйесін сақтай аласыздар… бірақ олай болса, орыс тілін үйренуге дайын болыңыздар. Себебі нәтиже – сол болмақ", – деп түйіндеді сөзін НАТО бас хатшысы.
Ресей мен Украина 25 жасқа дейінгі әскери тұтқын алмасудың алғашқы кезеңін өткізді

9 маусымда Ресей мен Украина 25 жасқа дейінгі әскери тұтқындарды алмасудың алғашқы кезеңін өткізді. Бұл жөніндегі келісім 2 маусымда Стамбұлда өткен екі елдің делегацияларының келіссөзінде жасалған. Екі тарап бір-біріне ауыр халдегі әскери тұтқындарды да қайтарып берді.
Ресей де, Украина да бұл – тұтқын алмасудың алғашқы кезеңі екенін ерекше атап, тұтқын алмасу алдағы күндері де жалғасатынын айтып отыр. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елге "25 жасқа дейінгі ресейлік әскери қызметшілердің алғашқы тобы қайтарылған". Ал Украина тарапы "босатылғандардың барлығы – қатардағы жауынгерлер мен сержант құрамында болғандар. Олардың арасында Мариупольді қорғағандар да бар, олар 3 жылдан астам уақыт тұтқында болды" деп мәлімдеді.
Екі тарап 1:1 форматымен тұтқын алмасқанын хабарлағанымен, нақты қанша адам екенін айтпады. Украина президенті Владимир Зеленский таратқан фото және видеоматериалдарда, сондай-ақ Ресей қорғаныс министрлігінің бейнематериалдарында ондаған ресейлік және украиналық әскери қызметшілер байқалады.
Стамбұл келісіміне сәйкес, бұл алмасу аясында 25 жасқа дейінгі барлық тұтқындар, ауыр науқастар және кейбір бейбіт тұрғындар босатылуға тиіс. Үйіне оралатын әскери тұтқындардың жалпы саны әр тараптан 1000 адамнан асуы мүмкін.
Стамбұлда екі тарап қаза тапқан әскери қызметшілердің сүйектерін алмастыру жөнінде де келісім жасасқан. Ресей тарапы Украинаға 6 мың адамның сүйегін беруге дайын екенін мәлімдеген. Кейінгі күндері Ресейдің ресми өкілдері Украина тарапы қаза тапқан өз сарбаздарын алудан бас тартып жатыр деп айыптай бастады. Бірақ Киев ол мәлімдемені жоққа шығарып, Стамбұлда жасалған келісімге сәйкес, қаза тапқандарды алмастыру осы аптада басталатынын хабарлады.
Трамп Калифорния губернаторы Ньюсомды тұтқындауға кетәрі емес екенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Калифорния штатының губернаторы, демократ Гэвин Ньюсомды тұтқындауды қолдайтынын мәлімдеді. Ақ үй басшысының дүйсенбі күні айтқан бұл сөзі Лос-Анджелестегі заңсыз иммигранттарды анықтау рейдтеріне қарсы наразылықтар өтіп жатқан шақта екі саясаткердің арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтті.
Президент пен губернатор арасындағы жағдай Ньюсом Оңтүстік Калифорнияға Ұлттық гвардияны өзінің келісімінсіз орналастырғаны үшін федералды билікті сотқа беретінін мәлімдегеннен кейін ушықты. Ньюсом Трамптың әрекетін заңсыз деп атап, оны "жанжалды тұтатты" деп айыптады. Федералды заңға сәйкес, президент Ұлттық гвардияны елге басқыншылық жасалғанда, бүлік шыққанда немесе заңды орындауға жергілікті құқық қорғау органдарының қауқары жетпеген жағдайда ғана қолдана алады.
Аптаның аяғындағы демалыстан соң Ақ үйге оралған Трамп егер шекара қауіпсіздігі жөніндегі кеңесшім Том Хоманның орнында болсам, Ньюсомды тұтқындар едім деп мәлімдеді. "Гэвин көптің назарында болғанды ұнатады, бірақ меніңше, бұл тамаша шешім болар еді", – деді Трамп. Ал Ньюсом бұл мәлімдемені "авторитаризмге бастар қадам" деп атады. Жүргізілген сауалнамалар қорытындылары губернатор Ньюсомның беделі артып келе жатқанын көрсетіп отыр, оны келесі президент сайлауында демократтардан кандидат болуға лайық саясаткер деп қарастыратындар аз емес.
Лос-Анджелес мэрі Карен Басс федералды билікті жағдайды ушықтырды деп айыптап, қалада болған тәртіпсіздіктерді де сынға алды. "Әкімшілік тұтатып берген бейберекеттікке жұрттың еріп кеткенін қаламаймын", – деді мэр. Ал Трамп болса Басс пен Ньюсомды "қауіп-қатерді елемей отыр" деп сынап, "Ұлттық гвардия болмағанда Лос-Анджелес жермен-жексен болар еді", – деп мәлімдеді.
Кейінгі төрт күн бойы наразылық шерулерінен босамаған Лос-Анджелес көшелері дүйсенбі күні тыныш болды.
Республикашылдар Калифорниядағы жағдайды Трамптың бастамасымен ұсынылған "Бір үлкен, тамаша заңды" қабылдауға дәлел ретінде келтіріп отыр. Бұл заң жобасы шекара қауіпсіздігін күшейтуді, әскери шығындарды ұлғайтуды, салықты азайтуды және әлеуметтік төлемдерді қысқартуды көздейді. Өкілдер палатасы мақұлдап үлгерген заң жобасын қазір Сенат қарап жатыр. Алайда оған қарсы сын айтушылар бұл заң АҚШ-тың мемлекеттік қарызын күрт көбейтеді деп ескертіп отыр.
ПІКІРЛЕР