Польша президенті сайлауының екінші кезеңінде оппозициядағы консервативтік "Құқық пен әділет" (PiS) партиясының кандидаты Кароль Навроцкий жеңіске жетті. Польша Ұлттық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс берген сайлаушылардың 50,89% Навроцкийді қолдаған деп хабарлады TVP Info телеарнасы мен Rzeczpospolita газеті.
Навроцкийдің бәсекелесі, Варшава қаласының либерал мэрі Рафал Тшасковскийгі сайлаушылардың 49,11% қолдау білдірген.
Дауыс беру аяқталғаннан кейінгі алғашқы экзитполдар Тшасковский аз ғана басымдықпен алда келеді деп көрсеткен еді. Алайда кейіннен Навроцкий озды.
Ұлттық сайлау комиссиясының деректері бойынша, 1 маусымда Польша президентін сайлауға дауыс берудің екінші кезеңіне елде тіркелген сайлаушылардың 71,6% қатысқан. Польша үшін бұл рекордтық көрсеткіш.
Сонымен қатар шетелде дауыс берген поляктардың 63,49% Рафал Тшасковскийге қолдау танытқан. Кароль Навроцкийді 36,51% сайлаушы таңдаған. Шетелдегі сайлаушылар белсенділігі де бұл жолы ерекше жоғары болды – 84,26%.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Польшада президент сайлауына түскен екі кандидат та жеңіске жеткенін жариялап үлгердіОсыған дейін Польша президенті болып екі мерзімге сайланған Анджей Дуда өзімен партиялас Навроцкийдің сайлауда жеңіп шығуына байланысты Х әлеуметтік желісінде: "Мықты күйіңде қал, ПОЛЬША!" деп жазды. Польша президенті бес жыл мерзімге сайланады, сыртқы саясатқа ықпал етеді, үкіметті тағайындайды және қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы саналады.
Саяси сарапшылар премьер-министр Дональд Туск үшін реформаларды жүзеге асыруға Тшасковскийдің жеңіске жеткені маңызды еді дейді. Ал қазір енді кезектен тыс парламент сайлау қаупі қылаң берді.
"Алда бізді күрделі саяси кезең күтіп тұр, ол екі жылға созылуы, бәлкім одан да қысқа болуы мүмкін. Ұлттық жад институтының президенті, егер ол мемлекет басшысы болып сайланса, мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуге тырысатынын мәлімдеген. Бұл іске аса ма, жоқ па – барлығы PiS үшін қай сценарий тиімді болатынына байланысты болмақ. Дональд Туск үкіметін жаңа президент баяу әлсірете ме, әлде одақтар ауысып, қазіргі үкімет құлай ма?" – деп жазады Rzecpospolita.
Reuters агенттігінің жазуынша, Навроцкий Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Словакия премьері Роберт Фицоның жаңа одақтасына айналуы мүмкін. Бұған дейін Польша баспасөзі АҚШ президенті Дональд Трампқа Навроцкийдің бүйрегі бұратынын, ол украин босқындарын сынға алғанын жазған. Навроцкийдің жеңісі Чехияның еуроскептик оппозициясының жетекшісі, бұрынғы премьер-министр Андрей Бабишке де серпін беруі мүмкін деп жазды агенттік. Алдағы қазан айында өтетін сайлауға дейінгі жүргізілген сауалнамаларда әзірге ол алда келеді.