Ресей мен Украина 25 жасқа дейінгі әскери тұтқын алмасудың алғашқы кезеңін өткізді

Ресей тұтқынынан еліне оралған украин сарбаздары. 9 маусым, 2025 жыл (Украина президентінің баспасөз қызметі жариялаған сурет)

9 маусымда Ресей мен Украина 25 жасқа дейінгі әскери тұтқындарды алмасудың алғашқы кезеңін өткізді. Бұл жөніндегі келісім 2 маусымда Стамбұлда өткен екі елдің делегацияларының келіссөзінде жасалған. Екі тарап бір-біріне ауыр халдегі әскери тұтқындарды да қайтарып берді.

Ресей де, Украина да бұл – тұтқын алмасудың алғашқы кезеңі екенін ерекше атап, тұтқын алмасу алдағы күндері де жалғасатынын айтып отыр. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елге "25 жасқа дейінгі ресейлік әскери қызметшілердің алғашқы тобы қайтарылған". Ал Украина тарапы "босатылғандардың барлығы – қатардағы жауынгерлер мен сержант құрамында болғандар. Олардың арасында Мариупольді қорғағандар да бар, олар 3 жылдан астам уақыт тұтқында болды" деп мәлімдеді.

Екі тарап 1:1 форматымен тұтқын алмасқанын хабарлағанымен, нақты қанша адам екенін айтпады. Украина президенті Владимир Зеленский таратқан фото және видеоматериалдарда, сондай-ақ Ресей қорғаныс министрлігінің бейнематериалдарында ондаған ресейлік және украиналық әскери қызметшілер байқалады.

Стамбұл келісіміне сәйкес, бұл алмасу аясында 25 жасқа дейінгі барлық тұтқындар, ауыр науқастар және кейбір бейбіт тұрғындар босатылуға тиіс. Үйіне оралатын әскери тұтқындардың жалпы саны әр тараптан 1000 адамнан асуы мүмкін.

Стамбұлда екі тарап қаза тапқан әскери қызметшілердің сүйектерін алмастыру жөнінде де келісім жасасқан. Ресей тарапы Украинаға 6 мың адамның сүйегін беруге дайын екенін мәлімдеген. Кейінгі күндері Ресейдің ресми өкілдері Украина тарапы қаза тапқан өз сарбаздарын алудан бас тартып жатыр деп айыптай бастады. Бірақ Киев ол мәлімдемені жоққа шығарып, Стамбұлда жасалған келісімге сәйкес, қаза тапқандарды алмастыру осы аптада басталатынын хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Атыс тоқтамайды, бірақ тұтқын алмасу жалғаспақ. Стамбұлдағы келіссөзде не айтылды?