Украина қарулы күштері Құрлық әскерінің қолбасшысы, генерал Михаил Драпатый 1 маусым күні өзіне бағынышты әскердің оқу-жаттығу бөлімшесі орналасқан Днепропетровск облысындағы полигондардың біріне Ресей күштері зымыранмен шабуыл жасағаннан кейін отставкаға кету жөнінде шешім қабылдады.
Украина армиясының баспасөз қызметі таратқан алдын ала деректер бойынша, жексенбіде Ресей жасаған шабуыл салдарынан украиналық 12 адам қаза тауып, 60-тан астамы жараланған деп хабарлады Азаттықтың Украин қызметі. Бұл оқиғаға байланысты Құрлық әскері қолбасшылығы арнайы комиссия құрып, қызметтік тергеу бастаған.
Украинаның бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, генерал Драпатый бұл оқиғаға өзін кінәлі сезініп отыр. Ол "өзім берген бұйрықтардың толық орындалуын қамтамасыз ете алмағаным үшін жауаптымын" деп есептейді.
"Мен Украина қарулы күштері Құрлық әскері қолбасшысы лауазымынан отставкаға кетуді ұйғардым. Біздің жауынгерлеріміздің өмірін жалмаған 239-полигондағы қайғылы оқиға үшін жеке жауапкершілігімді сезінгендіктен осындай саналы шешім қабылдадым", – деп жазды Драпатый өз Telegram-арнасында.
1 маусым күні Ресей күштері зымыранмен шабуыл жасаған сәтте жеке құрам сапқа тұрғызылмаған болатын. Украина қарулы күштері егер полигондағы әскери қызметшілердің қаза табуына немесе жаралануына лауазымды тұлғалардың әрекеті не әрекетсіздігі себеп болғаны анықталса, кінәлі адамдар қатаң жауапқа тартылатынын айтты.
Украина қарулы күштерінің дерегіне қарағанда, өткен жексенбі күні Ресей армиясы Украинаның "Шығыс" операциялық қолбасшылығының жауапкершілігіндегі аймаққа зымыранмен шабуыл жасаған. Днепр қаласында штабы орналасқан "Шығыс" қолбасшылықтың әскері Днепропетровск, Донецк, Запорожье, Луганск және Харьков облыстарында әрекет етеді.